Қарағандыда шағын несие ұйымының кассирін өртеп жібермекші болған қарақшылар ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда шағын несие ұйымының кассирін өртеп жіберемін деп қорқытып, қарақшылық жасаған күдіктілер ұсталды. Екі жігіт кассаның алдына келіп, ұйым қызметкеріне бензин құйып жіберіп, кассадағы ақшаны ұрлап кеткен болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетейік, 9 ақпанда Қарағандыда белгісіз екі азамат шағын несие беру ұйымдарының біріне қарақшылық шабуыл жасаған болатын. Кассирге бензин құйып, олар үй-жайды өртеп жібереміз деп қорқытып, кассадағы ақшаны иемденген болатын. Оқиғадан кейін дереу Қарағанды облысы ПД тәжірибелі қызметкерлерінен жедел топ құрылды. Бір күннен кейін күдіктілер ұсталды.
«Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 19 және 28 жастағы екі күдіктіні ұстады. Олар қылмысын мойындады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», - деді Қарағанды облысы полиция департаментінің бастығы Ерлан Файзуллин.