Қарағандыда шетелдік бақылаушыларға көмек көрсету орталығы жұмыс істей бастады
Орталық Қарағанды облысы кәсіпкерлер қауымдастығының бастамасымен құрылған. 5 маусымға дейін ол сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін жұмыс істейтін болады. Ал 8-9 маусым аралығында тәулік бойы жұмыс істемек.
«Біз Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау үшін басқа елдерден келген бақылаушыларға көмектескіміз келеді. Біздің координаттарымызды облыстық сайлау комиссияларынан табуға болады. Облыстың қалалары мен көрнекті орындары туралы, сондай-ақ барлық сайлау учаскелері мен комиссиялары туралы ақпараты бар кітапшалар дайындалды», - деді орталық басшысы Серік Санаубаев.
Ол Қарағанды облысына президент сайлауын өткізуді бақылауға ЕҚЫҰ, ТМД елдерінің делегациялары мен парламентаралық бақылаушылар келетінін атап өтті. Бүгінгі таңда 60-тан астам шетелдік бақылаушы тіркелген.