Қарағандыда шомылуға барған бір топ жастардың бірі көз жұмды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында 19 жастағы жігіт Федоров су қоймасына суға батып кетті. Бір топ жастар тыйым салынған жерде шомылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ДЧС Карагандинской области

Қайғылы оқиға 6 маусым күні болды. 2004 жылы туған жас жігіт тыйым салынған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен. Оқиға туралы құтқарушыларға марқұммен бірге демалыста болған достары хабарлаған.

«Құтқарушы-сүңгуірлер суға батқан адамның денесін жағадан 8 метр қашықтықта, 3 метр тереңдіктен тапты. Бұл жерде су қоймасының түбі біркелкі емес, тереңдігі күрт төмендейді. Тыйым салынған жерлерде суға түсу өмірге қауіп төндіреді!

Судың бет жағына қарап, қауіпті анықтау мүмкін емес. Егер жүзуге тыйым салатын белгіні көрсеңіздер, тәуекел етпеңіздер!», - деп ескертті құтқарушылар.

Қарағанды облысының ТЖД мамандары қауіпсіздік ережелерін тағы бір мәрте еске салды:

- егер жүзе алмасаңыз, беліңізден жоғары суға түспеңіз;

- балаларды қараусыз қалдырмаңыз;

- мас күйде суға түспеңіз;

- таныс емес жерлерде суға түспеңіз;

- түнде суға түспеңіз;

- суға түсуге арналмаған тақтайларды және басқа заттарды қолданбаңыз;

- суға түсу құралдарына құтқару кеудешелері мен белбеусіз отыруға болмайды!


Соңғы жаңалықтар