Қарағандыда Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы басталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылдың 3-тоқсанында Қарағанды қаласында Солтүстік-Шығыс айналма жолының  құрылысы басталады.

Қарағандыда Солтүстік-Шығыс айналма жолының  құрылысы басталады

Бұл туралы бүгін Үкіметте «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылдың I-жартыжылдығында іске асырылуының негізгі қорытындысын талқылау барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Орталық-Оңтүстік жобасы бойынша 2016 жылы жалпы ұзындығы 275 шақырымды құрайтын Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай» учаскелерін қайта жаңғырту аяқталды. Ұзындығы 14 шақырымды құрайтын Теміртау-Қарағанды учаскесін қайта жаңғырту жалғасуда. Құрылыс 2018 жылы аяқталады», - деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта ұзындығы 228 шақырымды құрайтын Күрті-Бурылбайтал учаскесін қайта жаңғырту жұмыстары  басталып кетті.  Құрылыс жұмыстарын Дүниежүзілік және Еуропалық банктер қаржыландыруда.

«Сонымен қатар 3 тоқсанның соңына дейін бюджет қаржысы есебінен Қарағанды қаласында Солтүстік-Шығыс айналма жолын салу және қайта жаңғыртуды бастауды жоспарлаудамыз. 2018 жылы Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен Балқаш-Бурылтайтал (297 шақырым) және 2019 жылы Күрті-Қапшағай (67), Қарағанды-Балқаш (364) учаскелерін бастаймыз», - деді Жеңіс Қасымбек.