Қарағандыда сотталған әйел жүкті болып, түрме басшылығы жауапқа тартылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда сотталушы әйелдің жүкті екені анықталып, тергеу оқшаулағышы басшылығы қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Оқшаулағыштың басшылығы мен өзге де жауапты тұлғаларына тәртіптік жауапкершіліктің ең қатаң түрі - сөгіс және қатаң сөгіс жарияланды», - деп хабарлады ҚАЖ департаментінің баспасөз қызметі.
Тергеу оқшаулағышының жедел уәкілі жұмыстан шығарылды. Ол қылмыстық іс бойынша сотталушы ретінде сот алдында барды. Ол оқшаулағыштағы әйелдерге ерлер бөліміндегі өзге сотталушылармен жақын қарым-қатынаста болуына рұқсат беретін жағдай жасады деп айыпталуда.
Тергеу нұсқасы бойынша, оқшаулағыш қызметкері екі сотталушының кездесуіне жағдай жасаған. Нәтижесінде әйел жүкті болып қалған, бірақ денсаулығына байланысты жасанды түсік жасатқан. Сотталушы әйел күзетшінің айдауымен ауруханалардың біріндегі гинекология бөліміне жеткізілді және жүктілікті тоқтатты.