Қарағандыда табиғатты қорғау заңнамаларын бұзудың 701 дерегі анықталды
Қарағанды облысы аумағында шілде айынан бастап табиғатты қорғау бойынша өткізілген «Сұңқар» және «Киік» жедел алдын алу іс-шараларының қорытындысы бойынша брифинг өтті. Оған Қарағанды облыстық Полиция департаментінің табиғатты қорғау бөлімімен «Охотзоопром» өкілдері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
«Шілде айында табиғатты қорғау бөлімінің қызметкерлері 168 бірлескен рейдтік іс-шаралар өткізді. Оның қорытындысы бойынша табиғатты қорғау заңнамаларын бұзудың 701 дерегі анықталды. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің біріңғай тізіліміне қылмыстық әрекеттері бар 25 құқық бұзушылық тіркелді. Оның ішінде тоғыз дерек Қылмыстық кодекстің 337-бабына сәйкес тіркелсе, екі дерек бойынша 339-бабына сәйкес іс қозғалды. Сонымен қатар 678 әкімшілік құқық бұзушылық деректері орын алды. Мәселен, 324 дерек бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 382-бабы (Аң аулау ережесін бұзу) бойынша. Бұл бабқа сәйкес аң аулаушыларға 6 миллион 810 мың теңгеге айыппұл салынып, оның 2 миллион 888 мыңы өндіріліп алынды», – деді облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасы қызметі, табиғатты қорғау бөлімінің аға инспекторы Ернұр Аманжолов.
Брифинг барысында киіктер мен сұңқарлардың мекендейтін жерлерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.