Қарағандыда төрт мемлекеттің айтыскер ақындары бақ сынады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласында Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті. Онда батысқазақстандық Жансая Мусина жүлдегер атанды, деп хабарлайды аталмыш өңірдегі «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қарағандыда төрт мемлекеттің айтыскер ақындары бақ сынады

Айтулы додаға Қазақстанмен қатар Қытай, Моңғолия, Қырғызстаннан келген ақындар да қатысып, бақ сынады.

Белгілі ақын, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман жүргізген айтыс қорытындысында қазылар алқасының шешімімен қарағандылық Аманжол Әлтаев бас жүлдені (3 млн теңге) жеңіп алды.

Қытайдан келген Ұларбек Минатхан - бірінші (1,5 млн теңге), қарағандылық Дидар Қамиев - екінші (1 млн теңге), батысқазақстандық Жансая Мусина мен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан үшінші (750 мың теңге) орынға ие болды.

Айтыс барысында Жансая Ұларбекпен, сондай-ақ финалда Арқалықтан келген Айбек Қалиевпен сынға түсті.

Еске сала кетейік, Ж.Мусина «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы тізіміне енгізілген болатын. 

ҚазАқпарат бұған дейін хабарлағандай, сенбі күні Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлының 350 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шара өтті. Оған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Салтанатты шара қазақтың ұлы биінің туған жері - Қарқаралы ауданы Егіндібұлақ аулында өтті.

Оған Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар жетекшілері, қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты.