Қарағандыда трансформатор өртеніп, тұрғындар жарықсыз қалды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласында трансформатор қосалқы стансасы толық өртеніп кетті. Оқиға салдарынан қаладағы үш көше жарықсыз қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Трансформатор қосалқы стансасындағы өрт салдарынан Қарағандының сегіз көпқабатты үйінде жарық өшіп қалған. Бұл Костенко, Абай және Жамбыл көшелеріндегі үйлер.
«26 қыркүйек күні сағат 17:44-те Қарағандының Бұқар жырау даңғылында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. №12 үйдің маңында электр сымдары, электр есептеуіш құралдарының жанатын бөліктері және қосалқы стансаның ағаш құрылысы өртенген. Жалын 40 шаршы метр аумақты шарпыған. Өрт сағат 18:44-те толық сөндірілді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала нұсқа бойынша, өрттің шығуына электр сымдарының тұйықталуы себеп болған», - деп мәлімдеді Қарағанды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
Бүгін қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында электрмен жабдықтау бір күн ішінде қалпына келтірілетінін мәлімдеді.
«Трансформаторлық қосалқы стансадағы өрт жағдайы бойынша: үйінділер түнде жиналды, жабдықтарға қол жеткізу қамтамасыз етілді. Қазіргі кезде демонтаждау жұмыстары жүргізілуде, одан кейін екі трансформаторды монтаждауға кіріседі», - деп жазды Қарағанды әкімі.