Қарағандыда түнгі сот қызметін жолға қою мәселесі қаралуда
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының прокуратурасы, Ішкі істер департаменті және соты түнгі сот құру туралы үш жақты меморандум орнатты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Қазақстанда түнгі сот - жаңа бастама, алайда әлемдік тәжірибеде ол жүзеге асырылуда. Бұл пилоттық жоба, және де оны біз жол-көлік оқиғалары кезінде болатын әкімшілік құқықбұзушылықтарға қатысты қолдануды көздеп отырмыз. Болашақта мұндай соттар облысымыздың барлық аудандарында жұмыс істейтін болады», - деді Қарағанды облыстық сотының төрағасы Мұсабек Әлімбеков.
Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Кемеңгер Имашевтің айтуынша, түнгі сот әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қарастыру мерзімін 100 күннен 15 күнге дейін қысқартатын болады.
«Түнгі сот не үшін қажет? Нақты айтар болсақ, жол апаты болған жағдайда полицей хаттама рәсімдеу кезінде жүргізушінің кінәсі дәлелденіп, ол оны мойындаса. Автокөлік иесі сақтандыру төлемін қашан алады?
Алдымен ол полиция материалдарды сотқа бергенін күтеді, сонан соң оны сот төресі қарастырғанша уақыт өтеді. Сонан кейін сот шешімі заңды күшіне енуі тиіс, тек содан соң ғана сақтандыру төленеді. Барлығына 3 айдан астам уақыт кетеді. Осы уақыт аралығында көлік тұруы тиіс. Және де жүргізушілер құқық бұзумен келісетін жайттар 70 пайыздан асады.
Түнгі сот бұл проблеманы шешуі тиіс. Түнгі сотта істі қарастыру үшін небәрі екі шарт болуы қажет: кінәні мойындау және кешкі уақытта сот сісін қарастыруға келісімнің болуы. Хаттаманы рәсімдеген соң материалдар бір тәулік ішінде әкімшілік сотқа жіберіледі. Сол күні сот істі қарастыруды тағайындайды. Үшінші тәулікте екі жақ сот үкімін алып, сот құжатпен сақтандыру компаниясына барады. Осылайша, істі қарастыру мерзімі 15 күнге дейін қысқарады, бұл ретте оның заң жүзіне енуі де осы уақыт аралығына кіреді, - деп түсіндірді Кемеңгер Имашев.
Түнгі соттың жұмыс уақыты - 18.30-дан 22.00-ге дейін.
«Ең бастысы, біздің азаматтар үшін қолайлы болады. Олар біріншіден, тез арада істі қарастырып, шығын себебін анықтайды. Екіншіден, олар уақыт үнемдейді. Үшіншіден, жауапты жақпен байланысты сұрақтар, яғни шығынды өтеу сияқты мәселелер шешіледі. Болашақта түнгі соттарда сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар, кішігірім бұзақылықтар және көші-қон саласындағы заң бұзушылықтар қарастырылуы мүмкін», - деді Қарағанды қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы.