Қарағандыда түрмедегі әйелдің жүкті болып қалуына байланысты екі басшы қызметінен босатылды
Қарағанды облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының бұйрығымен бұл екі қызметкерге ең қатаң тәртіптік жаза қолданылды - олар лауазымды қызметтерінен босатылды.
Ұрлық жасағаны үшін сотталған әйел ерлер блогындағы басқа сотталушымен жақындасып, жүкті болып қалады. Кейін ер адамның АИТВ-инфекциясын таратушы екендігі анықталды. Қазіргі таңда ол колонияда емделіп жатыр.
Тергеу нұсқасы бойынша, режимдік нысанда екі сотталушының кездесуіне көмектескен оқшаулағыш қызметкеріне қатысты сот тыңдалымы жүріп жатыр.
Оған Қылмыстық кодекстің үш бабы - 362-бап «лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану», 422-бап «Жалған айғақтар беруді немесе айғақтар беруден жалтаруды, жалған қорытынды беруді не қате аударуды параға сатып алу немесе оларға мәжбүрлеу», сондай-ақ 118-бап «Адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ/ЖИТС) жұқтыру» бойынша айып тағылуда.