Қарағандыда тұрмысы төмен 70-тен астам отбасының үйіне улы газ датчиктері орнатылмақ

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Өрт қауіпсіздігі айлығы аясында Қарағанды облысының ТЖД жылыту маусымы қарсаңында алдын алу іс-шараларын жалғастыруда. Аулаларды аралау арқылы тұрғындармен түсіндіру әңгімелері жүргізіліп, жадынамалар таратылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандыда тұрмысы төмен 70-тен астам отбасының үйіне улы газ датчиктері орнатылмақ

Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп көпбалалы отбасылардың, мүгедектердің, жалғыз тұратын зейнеткерлердің үйлерінде түтін датчиктері мен улы газ датчиктерін орнатуды жалғастыруда.

Өрт қауіпсіздігі айлығы басталғалы, яғни 15 тамыздан бері 28 датчик орнатылды, тағы 50 үйге осындай құрылғы орнату жоспарлануда.

«Аулаларды аралау барысында 17000-нан астам адамға нұсқау беріліп, тұрғындармен 113-тен астам жиын өткізілді. Түсіндіру іс-шаралары облыстың барлық өңірлерінде қамтылды», - деп мәлімдеді Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Қарағанды облысының ТЖД өкілдері сонымен қатар өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды еске салып, пайдалану алдында жылыту жүйесін тексеру, түтіндіктерді тазарту, барлық пеш жабдықтарының тұтастығын тексеру, жарықтарды жою қажеттігін ескертті. Сондай-ақ тек жарамды электр қыздырғыш аспаптарды пайдалану, желіні шамадан тыс жүктемеу керектігін тілге тиек етті.