Қарағандыда ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда «Ұлттық спорт түрлерінің республикалық фестивалі-2019» аясында ат жарысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Акция Отан қорғаушы және Жеңіс күні мерекелеріне арналған. Мақсаты - қазақ ұлттық ойындары барысындағы ерекше көріністі және қызу тартысты көрсету.
Облыстың жас спортшылары тоғызқұмалақ пен қазақ күресінен жарысты. Ал балалар «көңілді старттар» эстафетасына қатысты. Олар тірі лақты аулап, жерден садақ атып, асық ойнады.
Айта кетейік, қалалық жарыстар ат спорты базасында өтті. Додаға қатысушылар жамбы ату, теңге алу, аударыспақ секілді күрделі және ойын-сауық спорт түрлері бойынша өзара бақ таластырды. «Қайрат» ұлттық және ат спорты түрлері мектебінің тәрбиеленушілері мен аула клубтары мүшелерінің алдында спорт шеберлері мен чемпиондар өнер көрсетті.
«Мен бала кезімнен атқа мініп, ауылда өскенмін. 2014 жылы Таразға Монғолиядан бапкерлер келді. Мен оған арнайы барып, шеберлік курсын алдым. Өткен жылы елордада өткен халықаралық турнирде бірінші орынға ие болдым. Мажарстанда өткен жарыста жеңіске жеттім. Қырғызстандағы көшпенділер ойындарында біз үздіктердің қатарында болдық», - деді спорт шебері, жамбы ату бойынша Қазақстан чемпионы Талғат Омарбаев.
Қарағандыда өткен фестивальге 300-ге жуық спортшы қатысты.