Қарағандыда үш қосалқы жедел жәрдем стансасы салынады

Облыс әкімінің медицина қызметкерлерімен кездесуінде Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев үш «Жедел жәрдем» қосалқы стансасын тұрғызудың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлінгенін хабарлады.
«Құрылысты 2018 жылы бастау жоспарланған. Екі қосалқы станса Майқұдықта, біреуі - Қарағанды маңындағы Сортировкада салынады. Аталған жобаны жүзеге асыру шұғыл жәрдем көрсету сапасын жақсартып, төтенше шақыртулар бойынша дәрігерлердің келу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Бұған дейін Бірыңғай диспетчерлік желі енгізіліп Қарағанды облысындағы «Жедел медициналық жәрдем» қызметінің оңтайлана түсетіні хабарланған еді. Аталмыш қызметтің барлық көліктеріне жедел медициналық қызмет стансасының орталығынан басқарып отыратын GPS анықтауышы орнатылып жатыр. Қалалар мен аудандардағы «Жедел жәрдемге» келіп түскен барлық қоңыраулар бірыңғай ақпараттық жүйеге тіркеледі. Осылайша, қызметтің жеделдігі мен тиімділігі артады және шақыру орнына келу уақыты қысқарады.