Қарағандыда үшінші қабаттан бала құлап кетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда бес қабатты үйдің үшінші қабатындағы терезеден төрт жасар бала құлап кетті, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
12-ші шағын ауданындағы №33 үйдің тұрғындары жазатайым жағдайға куә болған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айжан Иса хабарлағандай, бала Мақажанов атындағы ортопедия және травматология орталығына жеткізілді.
«Құлау салдарынан ер бала жабық бас-ми жарақатын алған, қабырғалары сынып, бұлшық етінің көптеген жарақаттары бар», - деп хабарлады Айжан Иса.
Октябрь ауданының учаскелік инспекторы терезесі ашық бөлмеде баланы қараусыз қалдырған ата-анадан жауап алуда.
Құтқарушылар тіпті бірер секундқа қараусыз қалдырылған балалар терезеден құлап кетіп, оның арты жиі өлімге алып келетінін ескертуде.
«Жаз шықты. Ересектер көбіне терезені ашық қалдырады. Балаларды қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Қарағанды облысында 2016 жылы балалардың терезеден құлауына қатысты 15 жазатайым оқиға тіркелді. Оның 13-і ауруханаға жеткізілсе, екеуі көз жұмды», - деп хабарлады ТЖД баспасөз қызметінен.