Қарағандыда ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағандыда қылмыстық топ мүшелері 2016-2020 жылдар аралығында жалған шот-фактураларды жазу бойынша заңсыз қызметпен айналысқан.

Қарағандыда ұсталған қылмыстық топ мемлекетке 700 млн теңгеден астам шығын келтірді

Қылмыстық топ мүшелелері ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті қызметкерлері жүргізген жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде қолға түскен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш органның баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, тергеу барысында 7 адамнан тұратын топ жалған келісімшарттар жасау және шығындарды жасанды көбейту арқылы бюджетке салық төлеуден жалтару кезінде салық төлеушілер-контрагенттерге көмектесу мақсатында бақылауда ұстаған 13 кәсіпорын құрғаны анықталды.

Аталған адамдардың қылмыстық іс-әрекетінен мемлекетке келтірілген жалпы залал көлемі 700 миллион теңгеден асады.

«7 күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу туралы қолхат, 1 күдіктіге қатысты үйқамақ түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық іс бекітілген айыптау актісімен сотқа жолданды»,-делінген ҚР Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.