Қарағандыда венгр компаниясы әлеуметтік тамақтану комбинатын салмақ
ҚАРАҒАНДЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Қарағандыда венгр компаниясы білім мекемелеріне қызмет көрсету үшін әлеуметтік тамақтану комбинатын салуды жоспарлауда, деп хабарлады Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметінен.
«Бүгін Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов ҚР-ғы Венгрия елшісінің міндетін атқарушы Петр Надьпен және «Атон Инвест» (Венгрия) коммерциялық және инвестициялық бірлестігінің бас директоры Тариель Шабуришвилимен кездесті. Кездесу барысында өзара ынтымақтастық шарттары талқыланды, сондай-ақ Қарағандыда әлеуметтік тамақтану комбинатының құрылысы жөнінде меморандумға қол қойылды», - делінген хабарламада.
Жобаның құны 5,7 млрд. теңгені құрайды деп болжануда. Комбинат балабақша, мектеп және университет асханаларына қызмет көрсетеді деп күтілуде.