Қарағандыда Виктор Цойға мемориалдық ескерткіш орнатылды

Олимпийский көшесінде ашылған саяжол, Виктор Цойға арналған мемориал және спорттық алаң - бұл «Ер Нұр & Ника» қазақ-корей достығы қоғамдық қорының қарағандылықтарға тартуы.
Аталмыш қор өкілдері мен Қарағанды әкімдігі Цойға арналған ескерткіштің үлгі-нобайына байқау жариялаған болатын. Қазылар алқасы сәулетші Дмитрий Быковты жеңімпаз деп танып, оған 500 мың теңге көлемінде сыйақыны табыс етті.
Қор өкілдерінің шақыруымен мерекеге келген Виктор Цойдың әкесі ұлының өнеріне құрмет білдіргендері үшін алғыс айтты.
«Ұлым үшін мақтанамын. Ұлым Викторға көрсетіп жатқан үлкен сый-құрметтеріңіз үшін барлық қарағандылықтар мен ұйымдастырушыларға шын ниетпен алғысымды білдіремін», - деді Роберт Цой.
Рок-жұлдызына орнатылған монументтің жанында саяжол мен спорттық алаң жасалған. Мереке Кеншілердің мәдениет сарайында «Солнечные дни» тобының (Мәскеу-Екатеринбург) орындауындағы «Кино» тобының барлық әндері» атты концертпен жалғасты.
Виктор Цой 1962 жылдың 21 маусымы күні Ленинградта дүниеге келген. Рок-музыкант, әндердің авторы және суретші. «Кино» рок-тобының негізін қалаушы және солисі.
Ол Роберт Максимович Цой мен Валентина Васильевнаның жалғыз баласы болған.
1990 жылдың 15 тамызында Виктор Цой жол апатынан қаза болды. Қайғылы оқиға Латвияда «Слока-Талси» тасжолының 35-інші шақырымында орын алды. Жол апатының анағұрлым шындыққа жанасатын ресми нұсқасына сәйкес, Цой ұйықтап кеткен және оның басқаруындағы «Москвич-2141» көлігі қарсы жолға шығып кетіп, автобуспен соқтығысқан.