Қарағандыда «жасырын сатып алушылар» мектептегі қызмет сапасын тексеріп жүр

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің қызметкерлері «жасырын сатып алушы» ретінде білім мекемелеріне барып, мемлекеттік қызмет көрету саласындағы заңнаманың сақталуын тексерді.
Кейбір білім мекемелері оқушыларды мектепке алу кезінде ата-аналардан мекенжай анықтамасы, жұмыс орнынан анықтама, соттылықтың болмауы туралы анықтама сияқты заңнамада белгіленбеген құжаттарды сұрайтыны анықталды.
Жезқазғанның заңсыздық анықталған №4 және №13 мектептерінің директорлары тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Ведомство өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайлардың алдын алу үшін бүкіл облыста арнайы семинарлар өткізіліп, оқу орындары басшыларының жауапкершілігі туралы түсіндірілді.