Қарағандыдағы балабақша дауы: Еденге кафель төсеуге тыйым салынды

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы балабақша әкімшілігі әлеуметтік желіге екі жасар баланың кафельді еденге құлаған сәті түсірілген видео тараған соң олқылықты түзеді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Еске сала кетейік, Қарағанды қаласында жекеменшік балабақшаның бірінде бүлдіршіннің кафельді еденге құлаған видеосы әлеуметтік желіде дау тудырған болатын . 

Бейнетаспаны YouTube-ке Рүстем Рашев есімді пайдаланушы жариялаған. «ҚазАқпарат» тілшісі Рүстем Рашев балабақша тәрбиеленушілерінің бірінің әкесі екенін анықтады.

Аталған оқиғадан соң балабақша әкімшілігі тиісті қорытынды шығарып, балалардың отыруына қолайлы орындықтар қойған. Ал еденнің неліктен қатты материал - кафельден жасалғанын оның жарық сенсорларымен жабдықталғанымен түсіндірген.

Қарағанды «Білім бөлімі» ММ Жалпы және орта білім секторының меңгерушісі Наталья Головина мектепке дейінгі білім мекемелерінде еденді кафельмен қаптауға тыйым салынғанын айтты.

«Әлгі балабақша мектепке дейінгі білім саласында қызмет ету туралы хабарлама алмаған, ол жекеменшік. Сондықтан да біз олармен тікелей жұмыс жасай алмағанбыз. Балабақшалардың барлығы белгіленген тәртіпте тіркеліп, қызметін бастау туралы хабарлама алуы тиіс», - деді ол.

Сонымен қатар білім бөлімі ата-аналарды әлеуметтік желіге мұндай видеоларды жарияламас бұрын, ресми түрде тиісті органдарға хабар беруге шақырады.  

Соңғы жаңалықтар
telegram