Қарағандыдағы «Бесоба» ТК-де опырылып құлаған үйді қабылдап алған екі бұрынғы шенеунік рақымшылыққа ілікті
ҚАРАҒАНДЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы сотында Қарағанды әкімінің бұрынғы орынбасары Виктор Иванов пен Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы қызметкері Дәулет Алтынбековке қатысты үкім шығарылды. Олар Қарағандының «Бесоба» ТК-де опырылып құлаған №7 үйді қабылдаған, нақтырақ айтқанда мемлекеттік қабылдау комиссиясының төрағасы және орынбасары болған, деп хабарлады агенттіктің тілшісі сот отырысы залынан.
«Иванов ҚР ҚК-нің 316 бабы, 2 бөлімі бойынша (Селқостық) кінәлі деп танылып, 4 жылға сотталсын. Сондай-ақ оның 2 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істеуіне тыйым салынады. «Рақымшылық туралы» ҚР Заңын қолдануға байланысты ол жазадан босатылсын», - деді Қарағанды қаласы Қазыбек би атындағы ауданның судьясы Жанат Егембердиева. Үкімге сәйкес, Д. Алтыбеков те осындай жазаға тартылып, рақымшылыққа ілікті.
Сот азаматтық арыздарды қараусыз қалдырды. Соттың үкімімен В. Иванов пен Д. Алтынбеков сот залында босатылды.