Қарағандыдағы гимназия аумағында Ахмет Байтұрсынұлына ескерткіш орнатылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай ұлы ұстаздың есімімен аталатын Қарағанды гимназиясының аумағында ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мемориал авторы – Қарқаралы ауданының мемлекеттік мұрағатының басшысы Манарбек Кәрім.
Автордың айтуынша, ескерткішті дайындауға ол бір аптаға жуық уақыт жұмсаған. Ол әсіресе материал іздеуге көп уақыт кеткенін айтады.
«Ескерткіштің тасын біз Қарқаралы ауданында орналасқан Қорғантас тауынан әкелдік. Монументтің ені – 1,2 метр, биіктігі – 2,7 метр. Оның салмағы шамамен 2 тонна. Тұтас тастан қаланған ескерткіш Қарқаралыда жасалып, кейін Қарағандыға көшірілді. Әдетте мен кішігірім тапсырыстармен айналысатынмын, петроглифтер салдым. Маған ұлым көмектесетін, қазір ол әскерде. Ол суреттерді салды, мен тасты кесумен айналысамын. Бұл жолы бәрін жалғыз өзім жасадым, маған ол оңайға соққан жоқ», - дейді Манарбек Кәрім.
Мектеп-гимназия аумағында ескерткіш орнатуға белгілі ақын және айтыскер Айтбай Жұмағұл бастамашы болды.
«Ахмет Байтұрсынұлына қарап, балалар ұлы ғалым мен педагогқа теңесетін болады. Дәл осы мақсатта біз гимназия ауласына ескерткіш орнатуды қолға алдық», - деді Айтбай Жұмағұл.
«Мектеп оқушылары болған кезімізде біздің оқу орнымыз Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының есімімен аталады, оның бейнесі мәңгі сақталады және осы мектепте балалар қазақ тілінде білім алады деп ойламаған едік. Мұның бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында мүмкін болды. Ахмет Байтұрсынұлы болашақ ұрпақтың еркін және білімді болуын көкседі», - деді ескерткіш ашылған кезде қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.
Ескерткішті ашу құрметіне гимназияның 4-сынып оқушысы Ахмет Қайыртаев ие болды. Ол лингвист-ғалымның бір шығармасын жатқа оқып, жиналғандарды тебірентті.
Мектеп-гимназия 1964 жылы салынған. Ахмет Байтұрсынұлының есімі оған 2018 жылы берілді, бүгінгі күні гимназияда 500 бала оқиды.