Қарағандыдағы мемқызметшілердің бір күндік жалақылары шахандықтардың көмек қорына аударылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының мемлекеттік қызметшілері бір күндік жалақыларын Шаханда зардап шеккендердердің көмек қорына аударады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бұл көмек ерікті түрде көрсетілуде. Бір күндік жалақыларын Шаханда зардап шеккендердердің көмек қорына беру туралы бастаманы Қарағанды облыстық әкімдігі аппаратының, қалалық және өңірдегі аудандар әкімдігінің, облыстық басқармалардың мамандары көтерді. 12 млн теңге көлемінде қаржы жиналады деп күтілуде», - деді облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.
Бүгін өңір басшысы Нұрмұхамбет Әбдібеков аппараттық жиналыста Шаханда орын алған жағдайға бейжай қарамаған қазақстандықтарға алғысын білдірді.
«Мен Қарағанды облысының және республикамыздың басқа да өңірлерінің тұрғындарына қолдау танытып, көмек қолдарын созғандары үшін алғыс айтамын. Еліміздің әр бұрышынан көмектер көрсетілуде. Қазіргі таңда қорда 40 млн теңгеден астам қаржы жиналды. Бір күндік жалақыларын аударғысы келген ұйымдардың басшылары мен ұжымдарына алғыс білдіремін. Әрине, бұл - ерікті іс-шара. Қорға ақша аударғысы келген басқа да ұжымдарға қайырымдылық қорының нөмірін жеткізу керек», - деп атап өтті облыс әкімі.
Еске сала кетейік, 1 қаңтар күні 22:40-та Қарағанды облысы ТЖД құтқару бөліміне Шахтинск қаласы Шахан ауылындағы көпқабатты үйдің бір бөлігі опырылып түскені туралы қоңырау шалынған. Оқиға орнына шұғыл түрде ТЖД құтқарушылары жөнелтіліп, тұрғындар эвакуацияланды.
Үйінділерді тазартуға 280 адам жұмылдырылған , олардың қатарында құтқарушылар, полиция қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар, жедел медициналық жәрдем бригадасы, Ұлттық ұланның 52859 әскери бөлімінің ауыр техникасы және жеке кәсіпкерлер бар.
Бұл көпқабатты үйде 118 тұрғын мекендеген, ал ТЖ орын алған кезде құлаған бөлікте шамамен 30 адам болған. Тұрғындардың көбісін туыстары сыртқа шығарып үлгерген.
Бұған дейін хабарланғандай, үйінді астынан 9 көз жұмған адамның денесі аршып алынды. Оның үшеуі ер адам, үшеуі әйел, үшеуі бала. Баланың біреуі 2016 жылғы, екіншісі 2010 жылғы.
Шахан кентінде қираған тұрғын үйге қатысты ҚР ҚК-нің 292-бабының 3 тармағы (Адам өліміне әкеп соқтырған өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды .