Қарағандыдағы музыкалық мектепке 3 млн теңгенің аспабын сыйға тартты

Меморандумға Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков және ҚР Тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаев қол қойды.
«Қор «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында жастарды қолдау бағдарламасын іске қосты. Меморандумның мақсаты жастар бағдарламаларын іске асыру, қолдау, ғылыми-техникалық, мәдени, гуманитарлық және жастардың байланыс салаларында ынтымақтастықты алға жылжыту», - деді Қанат Жұмабаев.
Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков өңірдегі жастарға көп көңіл бөлініп, бірқатар жастар ұйымы құрылып, жастардың әлеуетін дамытуға бағытталған дарынды балаларға арналған жобалар іске асырылып жатқандығын атап өтті.
«Мен - кәсіби маманмын» жобасы аясында ҚР Тұңғыш Президенті қоры Қарағандының дарынды балаларына арналған мамандандырылған музыкалық интернат мектебіне 3 миллион теңгеге аспап сыйлады.
Бүгін қор өкілдері Евней Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қордың стипендиаттық және гранттық бағдарламаларын таныстырады.
Биыл қор 80-нен астам жобаны іске асыруға ниетті, 2016 жылы 73 жоба іске асырылды. Оның 42-сі жастарды қолдауға бағытталды.