Қарағандыдағы сары ауру үйде дайындалған сусыннан пайда болған

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Қарағандыдағы мектеп оқушыларының арасында А гепатитінің ошағы үйде әзірленген сусыннан екенін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағандыдағы сары ауру үйде дайындалған сусыннан пайда болған

Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулықты сақтау комитетінің төрағасы Ж. Бекшиннің айтуынша, сусынды Жаңа жыл мерекесі қарсаңында №58 мектептің жетінші сынып оқушысы әкелген.

«Үйде әзірленген азық-түлік өнімі - ауру содан туған. Одан кейін вирус балаларға жұға берген», - дейді Жандарбек Бекшин Қарағандыдағы баспасөз конференциясында.

Мәліметтерге қарағанда, инфекция жұқтырған қарағандылықтардың саны 51 адамға жеткен, соның 34-і балалар.

Қарағанды, Теміртау және Шахтинскідегі үш мектептің оқушыларына жоспардан тыс дәрі егу басталды. Денсаулық сақтау басқармасы оған 2 000 доза дәрі сатып алған.

Дәрігерлер крандағы суды қайнатпай ішпеу қажеттігін айтып жатыр, сондай-ақ қолды жақсылап жуып жүру керек.
Қазіргі кезде облыстағы орта мектептердің барлығында сары аурудың таралуының алдын алу бойынша шаралар жүргізіліп, асханалар, дәліздер, сынып бөлмелері, дәретханаларды дезинфекциялап жатыр.