Қарағандыдағы сауда үйінде болған өрт кезінде 40 адам эвакуацияланды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды өрт сөндірушілері бес қабатты тұрғын үйдегі 40 адам, соның ішінде 7 баланы эвакуацияланған. Өрт тұрғын үйге жапсарлас салынған дүкеннен шыққан, соның салдарынан бір адам мерт болған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Қарағандыдағы сауда үйінде болған өрт кезінде 40 адам эвакуацияланды

«8 қараша, сәрсенбі күні сағат 03:30-да Октябрь ауданындағы «Универсальный» дүкенінде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті. Ол бес қабатты 4 кіреберісі бар тұрғын үйге жапсарласа салынған. Өрт сөндірушілер келгенге дейін қосалқы бөлмеде 15 шаршы метр жердегі заттар мен жиһаздар жанып кеткен», - деді Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің ресми өкілі Жанна Дәуренбекова.

Өрт шыққан жерден қаза тапқан ер адамның денесі табылды, оның жеке басына қатысты мәліметтер анықталып жатыр.

«Өрт сағат 04:15-те ауыздықталды. Өрт сөндіруге 6 техника мен 27 құтқарушы тартылды. Алдын ала нұсқа бойынша, өрт электр техникасының ақауынан - электр желісіне шамадан тыс артық күш түсудің салдарынан», - деді Жанна Дәуренбекова.