Қарағандыдағы теміржол вокзалын жөндеу жұмысының сапасына сын айтылды

Қарағанды теміржол вокзалында мердігерлер кемшіліктерді жоюды жалғастыруда. ҚТЖ өкілдерімен бірге облыс әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа ғимаратты аралап, құрылыс жұмысының сапасы бойынша ескерту жасады.
«Эскалаторды әлі күнге дейін тапсырған жоқсыздар. Мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдайлар қамтамасыз етілуі тиіс. Жолаушылар келтірілген ыңғайсыздыққа тағы қанша шыдауы керек?! Әлеуметтік желіде сіздерге қатысты шағым өте көп. Нәтиже қайда, уәде етілген жайлылық қайда?» – деп аймақ басшысы наразылық білдірді.
Облыс әкімі сондай-ақ вокзал басшылығына перрондағы қар мен мұзды тазалауды сынға алды. Жер үстімен жолақтарға өтетін өткел әлі қабылданбаған.
Облыстық МСҚ басқармасының басшысы Алмас Сүлейменовтің айтуынша, құрылыс мерзімін сақтамағаны және ескертуді дер кезінде жоймағаны үшін кінәлілер жауапқа тартылады.
«Мердігерге бірнеше рет ескерту жасалды. Ішкі жұмыстар бойынша да, сыртқы безендіру бойынша да. Аспалы төбе бойынша конструктивтік кемшіліктер анықталды. Пластик қалқалар күшейтілген жоқ. Тағы бірқатар ескерту бар, олардың кейбірі жөнделе бастады. Тек мердігерді ғана емес, авторлық және техникалық қадағалауды да әкімшілік жауапкершілікке тартамыз», - деп түсіндірді Алмас Сүлейменов.
Қарағанды теміржол вокзалы 1956 жылы салынған. Ауқымды қайта құру оның аумағын кеңейтуге және қазіргі заманғы стандарттар бойынша инфрақұрылым жасауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, жолаушылар ағыны екі есе өседі деп күтілуде.