Қарағандыдағы вольфрам кен орнында құны $700 млн құрайтын зауыт ашылады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына шетелдік инвестиция тарту жөнінде аймақ басшысы Ерлан Қошанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әкімнің сөзінше, инвестициялық белсенділік тұрақты түрде өсіп келеді.
«Бүгінде облыста 1 трлн теңгеден астам сомаға 30 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Олардың жартысына шетелдік инвесторлар атсалысып отыр. Осы жобалардың жетеуі 2018 жылы іске қосылады. Егер өткен жылы инвестициялар 12% ұлғайған болса, осы жылы біз 21,2% өсіммен келе жатырмыз, - деді Ерлан Қошанов. - Жалпы біздің ендігі мақсатымыз - жыл сайын облысқа 1 млрд доллардан кем болмайтын инвестиция тарту».
Анағұрлым қызықты жобалар ретінде облыс әкімі көтерме-тарату логистикалық орталығы мен 100 мегаваттқа шақталған күн электр станциясының құрылысын атап өтті. Екі жоба да жыл соңына дейін іске қосылады.
«Альфарух» ЖШС көтерме-логистикалық орталығының пайда болуы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған тапсырмаларды орындауға септігін тигізеді. Жобаның құны - 10 млрд теңге.
«Бұл - сауда мен логистикадағы түбегейлі өзгеше әдіс. 60 гектар аумақта 100 мың тонна өнімге арналған қоймалар, жеке кеден, көтерме және бөлшек сауда нысандары, бір мезгілде 160 жүк көлігін қабылдай алатын кросс-доктары бар тұтастай бір кластер. Аталмыш орталық азық-түлікке деген маусымдық сұранысты қанағаттандыруға және бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Ол солтүстік және оңтүстік аймақтардан келетін көліктік ағымдарды шоғырландырады және өнімдерді делдалсыз сатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті аймақ басшысы.
Саран қаласында орналасқан күн электр станциясы Орталық Азиядағы ең ірі станциялардың бірі болады. Ол 160 га жерді алып жатыр және 307 күн панелінен құралған.
Болашаққа жоспарлар туралы айта келе, облыс әкімі сирек кездесетін металл - вольфрам шығару және өңдеу бойынша мегажобаға тоқталды. Қытайға сапары барысында Ерлан Қошанов әлеуетті инвесторлармен өзі де көзбе-көз жүздесіп, олардың ұсыныстарын зерттеп шыққан.
«Қарағанды облысының аумағында әлем бойынша ең ірі «Солтүстік Қатпар» вольфрам кен орны орналасқан. Елбасы облысымызға сапары барысында оны іске асыру керектігін ерекше қадап айтты, - деп атап өтті Ерлан Қошанов. - Осыдан бірнеше күн бұрын Қытайдан оралдық. Онда «Самұрық Қазынамен» бірлесіп 700 млн АҚШ доллары тұратын мегажобаның бастапқы шарттарына қол қойдық. Бұл жобада тек шикізат өндіру ғана емес, сонымен қатар өңдеу және дайын өнімді шығару да қарастырылған».
Аммоний паравольфраматын өндіретін зауыттың құрылысы 2020 жылы басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр.