Қарағандыдағы жаңа босанған 6 әйелге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Декреттік жәрдемақы бойынша қоғам назарына ілінген ірі алаяқтық іске қатысы бар деп танылған Алматы және Қарағандыдан шыққан 29 сотталушының алтауы қылмысты қудалаудан босатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

Қарағандыдағы Қазыбек би аудандық сотының судьясы Манат Жұмақаева алты адамның ісіне қатысты өндірісті тоқтату жөніндегі сот қаулысын шығарды. Осылайша 23 сотталушы қалды, олардың 19-ы жас босанған әйелдер.

Соттың алты әйелді босатуы жөніндегі өтініші «Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік орталығы» АҚ өкілінен келіп түскен. Ол жас босанған алты әйелдің мемлекетке қарызын өтеп, кешірім сұрағандығын мәлімдеген.

«Сотқа «Әлеуметтік сақтандыру мемлекеттік орталығы» АҚ-ынан өтініш түсті. Алты сотталушының өз кінәларын толықтай мойындап, істеген істеріне өкінгендігін, мемлекетке келтірілген шығынды өтегендігін және екі жақтың өзара түсініскенін ескере келе, сот оларға қатысты өндірісті тоқтатып, қылмыстық жауапкершіліктен босатты», - деді сот қаулысын хабарлаған Манат Жұмақаева.

Декреттік жәрдемақыға байланысты алаяқтық әрекетке сондай-ақ, алматылық ерлі-зайыптылар жұбы мен Қарағанды тұрғыны, әйелдердің заңсыз жәрдемақы алуына кеңес беріп, көмектескен жәрдемақы төлемі бойынша мемлекеттік орталық секторының меңгерушісі айыпталып отыр.

Мемлекетке келтірілген шығын көлемі 71 миллион теңгені құрайды.

Айта кетейік, қылмыстық іс құжаттарына сәйкес, Алматы қаласының тұрғыны Қарағанды қаласындағы танысына босанатын әйелдер тауып, солар арқылы жалған құжат бойынша декреттік жәрдемақыны арттыру жолымен бюджет ақшасын ұрлауға ұсыныс жасайды.

Қарағанды тұрғыны алаяқтық іске аяғы ауыр көршісін тартты, ол атышулы іске қатысы бар әйелдер тізіміне алғашқылардың бірі болып тіркелді. Алматылық ерлі-зайыптылар барлық 25 әйелді жалған құжаттармен қамтамасыз етті. Тексеру жұмыстары анықтағандай, құжаттарды жинауға әр әйелден алған ақшасының 10 пайызын ала отырып, «Жәрдемақы төлеу мемлекеттік орталығы» ӨМҚК бөлімінің меңгерушісі кеңес беріп, көмектескен.

Қарағанды тұрғыны мен Алматы қаласындағы ерлі-зайыптылар да көрсеткен қызметтері үшін үлестерін алған. Жаңа заңнамаға сәйкес, босанатын әйелдерден жұмыс орыны анықтамасының түпнұсқасы талап етілмейді. Көшірмесін өткізсе жеткілікті, тіпті көшірмеге мөр басылуы да шарт емес.

Іс бойынша алаяқтық жолмен жәрдемақы алған барлығы 67 жүкті әйел анықталды. Алайда 24 әйел «ҚР тәуелсіздігінің 25 жылдығына байланысты рақымшылық туралы» заң негізінде қылмыстық қудалаудан босатылды.

Соңғы жаңалықтар