Қарағандыдағы жәрмеңкеде 2139 бос жұмыс орны ұсынылды

АСТАНА. ҚазАқпарат -  Қарағандыда қалалық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шара Қарағанды Тау-кен - индустриалды колледжінде ұйымдастырылды, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайты . 

Қарағандыдағы жәрмеңкеде 2139 бос жұмыс орны ұсынылды

Жәрмеңкеге түрлі меншік формалары бар 60 ұйым қатысты. Барлығы мұнда 448 кәсіпорыннан 2139 бос жұмыс орындары ұсынылды. 

Жұмыс жер асты электр дәнекерлерушілеріне, инженерлерге, логистерге, менеджерлерге, бухгалтерлерге, бағалаушы-сарапшыларға және тағы басқа мамандықтар бойынша ұсынылды. 

 Орта білікті мамандар - тігінші, дәнекерлеуші, электромонтерлер, токарьлар, автокран машинистері, бұрғышылар, фрезершілер, бұрғылаушылар, техник-технологтар және жүргізушілерге арналған бос орындар да болды.
Сонымен қатар сантехник, жол жұмыскерлері, жүк тиеуші, күзетші, қосалқы жұмысшы секілді арнайы дайындықсыз жұмыскерлерге де ұсыныстар жетерлік. 

Жәрмеңкеге 670 адам қатысты. 

 Ұйымдастырушылар тұрақты және уақытша жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес берді, «Жастар тәжірибесі» және «Әлеуметтік жұмыс орындары» бағдарламалары туралы айтты. Жәрмеңкеде сонымен бірге жұмыссыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы тағайындау, мемлекеттік қызмет және жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек туралы ақпарат берілді. №1 қалалық аурухананың өкілдері міндетті медициналық сақтандыру туралы, Октябрь ауданы әкімдігінің қызметкерлері жер және тұрғын үй заңнамасы туралы сұрақтарға жауап берді. 
Нәтижесінде 380 адам өздеріне жұмыс таба алды, 106 адам келешекте жұмысқа орналасуы үшін өздерінің түйіндемелерін қалдырды. 128 адам нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша нақты кеңес алды.