Қарағандыдан қымбат көлікті айдап әкеткен астаналық ұсталды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының полицейлері Қарағандыда 30 млн теңгелік жол талғамайтын көлікті айдап әкетіп, жолда жасырған Астана тұрғынын ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

 Қарағандыдан қымбат көлікті айдап әкеткен астаналық ұсталды

«Ол құны 30 млн теңге тұратын автомобильді таңғы сағат бесте жеке көлік тұрағынан айдап кеткен. Күзетші ұрының көлік тұрағының аумағына қалай кіргенін байқамай қалған», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің басшысы Бақытжан Құдияров.

ІІБ жедел басқару орталығының видеооператорлары ұрланған жол талғамайтын көлікке ұқсайтын автомобильдің облыс орталығынан шығып бара жатқанын байқаған. «Қолға түсіру» жоспары жарияланып, облыстағы, Астана мен көрші облыстардағы полиция бекеттерінің барлығына көлік туралы ақпарат таратылды.

«Көлік ұрлаған адамның қай бағытқа жылжуы мүмкіндігіне болжам жасадық.  Қарағанды облысы Осакаровка ауданы Ошағанды кентінде таңғы сағат 5:30-да жол-патрульдік полициясының өкілдері күдіктіні байқады. Ол 30 минуттың ішінде 80 шақырым жолды жүріп өткен», - деді Бақытжан Құдияров.

34 жастағы Астана тұрғыны уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Оған қатысты ҚР ҚК 188-бабы 4-тармағы «Бөтеннің мүлкін ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде.