Қарағандылық 172 азамат «Халық алғысы» медалімен марапатталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Қарағанды облысының 172 азаматы ел игілігіне, халықтың жағдайын жақсартуға үлес қосқаны үшін «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Олардың қатарында медицина, құқық қорғау салаларының өкілдері, меценаттар мен еріктілер болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Biz Birgemiz жалпыұлттық онлайн-форумы аясында «Халық алғысы» медалімен марапаттау рәсімі өтті. Бұл мемлекеттік марапат коронавирустық инфекциямен күресте ерекше көзге түскен азаматтарды ұлықтау үшін тағайындалған. Салтанатты рәсім ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтті.
Елбасы атынан бір топ қарағандылықтарды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек марапаттады. Өңірде бұл марапатқа 172 адам ие болды. Олардың қатарында дәрігерлер мен медбикелер, полиция қызметкерлері, волонтерлер, меценаттар, журналистер, мәдениет және өнер қызметкерлері бар.
Карантинге байланысты салтанатты марапаттау шарасы санауды адамды ғана шақыра алды. Қалғандарына марапат жұмыс орнына немесе үйіне жеткізіледі.
Өңір басшысы отандастарға азаматтық ұстаным мен батылдыққа бөленгені үшін алғыс айтты.
«Қарағандылықтар тағы да өздерінің ұйымшылдығын көрсетті. Біздің арамызда қиын сәтте көмекке келуге дайын адамдар аз емес. Мен әркімге ризамын. Негізгі жүктеме медицина қызметкерлеріне түсті. Біз олардың жұмысын жеңілдету үшін барлық мүмкіндіктерді жасауға тырысамыз. Жақын арада қарапайым өмірге қайта оралуымыз әрқайсымыздың әрекетімізге байланысты», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

«Бұл - ерекше марапат» дейді медбике Сәуле Серікпаева. Ол Шахан кентінің қарттар үйінде жұмыс істейді. Олардың қарауындағы қариялар жоғары тәуекел тобына кіреді. Қарт адамдар дертке шалдықпау үшін мекеме қызметкерлері оларға барынша қамқор болуға тырысты.
«Талбесік» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Ләззат Қожахметова төтенше жағдай кезінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қамқорлыққа алды. Мұқтаждар мен меценаттар арасында өзіндік көпірге айналды десек те болады. Көмек көрсетуге бизнесмендер мен жанашыр жерлестер ерекше ниет білдірді. Жүздеген адам азық-түлік жиынтығын алды. Демеушілердің бірінің арқасында жеті отбасы баспаналы болды.
Сондай-ақ, «Халық алғысы» жаңа медалімен білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік салада жемісті еңбек етіп жүрген адамдар марапатталады.