Қарағандылық ардагерге тиесілі медаль 71 жылдан соң ұрпақтарына табысталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағандылық ардагер Әбдіғали Исинге тиесілі «Ерлігі үшін» медалі 71 жылдан соң өз иесін тапты.
Медальді Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігі батырдың ұрпақтарына табыстады, деп хабарлайды 24.kz.
Әбдіғали Исин 1943 жылы Қырғызстанның Ош қаласындағы артиллерист-минометшілерді дайындайтын училищеге алынады. Онда 4 айдай оқу-жаттығудан өтіп, бірден 4-ші Украин майданына аттанады. Чехословакия еліндегі Нитра қаласының түбіндегі шайқаста қоршауды бұзып өту кезінде ерлік көрсетеді. Бірақ ауыр жараланады. Екі ай емделіп шыққан соң «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылады. Алайда марапат иесіне уақытында жетпей қалады. Әбдіғали ақсақал соғыстан соң елге оралып, Қарағанды облысы Абай ауданына қарасты Жұмабек ауылында ұзақ жылдар бойы қызмет етеді. Бірнеше ордендер мен алғыс хаттар алады. Қарт майдангер 1994 жылы дүние салады. Кейін артында қалған ұрпақтары әкесіне тиесілі марапатқа іздеу салады.
«Осы марапатты ала алмай кеттім» деп армандап кетті. Әкеміздің жазбаған жері жоқ. Мәскеуге, барлығына жазды. Бірақ соғыс жылдары машина жарылып, сондағы құжаттардың барлығы өртеніп кетті деген хабар келді. Сол кездегі арманда кеткені орындалып отырғанына біз ерекше қуанып отырмыз. Өйткені марапат иесін тапты»,-дейді Әбдіғали Исиннің қызы Венера.