Қарағандылық атқамінерлер бірінші көктайғақ кезіндегі коллапс үшін сын естіді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында көктайғақ кезінде көпірлер мен биік жол учаскелеріне шығу үшін көліктерге қолайлы жағдай жасамаған коммуналдық қызметтер өңір басшысынан сын естіді. Салдарынан машиналарды көпір үстіне жол-патрульдік полициясы қызметкерлерінің және жолаушылардың итеріп шығаруына тура келген. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.
«Неліктен бұлай болды?», - деп сұрады облыс әкімі Ерлан Қошанов коммуналдық техникаларды тексеру кезінде Қарағанды коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Шолпан Жүсіповадан.
«Процестің еңбек сыйымдылығы жайлы айтар болсақ...», - деп бастаған шенеуніктің сөзін әкім бөліп, «процестің еңбек сыйымдылығын» сұрамағанын түсіндірді.
Әр учаскеде техникалардың нақты саны бекітілгені туралы бөлім басшысының одан арғы сөзі әкімнің кезекті наразылығын тудырды.
Ерлан Қошанов алдағы қар тазалау жұмыстарына коммуналдық қызметтердің дайындығын тексерді. Ол 135 арнайы машинаны қарап шықты. Коммуналдық қызметтер биыл қыста техниканың қаланың барлық аудандарын тазалауға жететіне уәде етті.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, жұмыстың негізгі бөлігін «Абаттандыру» кәсіпорны жүргізеді - оның қарамағында 135 техника, соның ішінде биыл сатып алынған 15 жаңа «КамАЗ» көлігі, жүкті өзі түсіретін машина, грейдер мен жүк тиегіштер бар. Мердігер - «ҚарЖолСервис» компаниясы, ол Қарағандыдағы ірі аудандардың бірі - Октябрь ауданына қызмет көрсетеді.
Қарағанды жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шолпан Жүсіпованың атап өткендей, коммуналдық қызметтердің басты міндеті - автомобильдер мен қоғамдық көліктердің жүруін қамтамасыз ету. Ереже бойынша, оны қар түскеннен кейін төрт сағаттың ішінде жасау керек.