Қарағандылық әйелдің сириялық күйеуі мен баласына Қазақстанда қалуына рұқсат берілмеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Сирия тұрғыны Ясер Альезалдин бес баласымен бірге елден депортациялануы мүмкін.

Қарағандылық әйелдің сириялық күйеуі мен баласына Қазақстанда қалуына рұқсат берілмеді

Ол Қарағанды облысындағы барлық сот инстанциясын босқын екендігіне сендіре алмаған, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. 

Оның жұбайы Қазақстан азаматшасы болғандықтан, оған депортация қарастырылмайды. Сондай-ақ оның кәмелетке толмаған төрт баласына елден шығару шаралары қолданылмайды. Олардың ең кішісі 5 жаста.  Алайда, отағасы Ясер Альезалдин мен оның 18 жастағы үлкен ұлына заңнамада ешқандай жеңілдік қарастырылмаған.

«Ұлым мен жолдасыма босқын мәртебесін бермей жатыр. Оған себеп -  Сирияда бізге қудалау барын және өмірімізге қауіп төніп тұрғандығын құжат жүзінде дәлелдей алмадық. Ол елде соғыс жүріп жатыр. Біздің үйіміз бомбалану салдарынан қиратылды», - деді Сирия азаматының жұбайы Сандуғаш Раисова.

Бұған дейін Қарағанды облыстық соты Сирия тұрғыны Ясер Альезалдиннің көші-қон полициясы басқармасына елден шығармау туралы және босқын мәртебесін беру жайлы өтінішін қанағаттандырмады.

«Бірінші инстанция соты Сирия азаматына өз елінде қауіп төніп тұрмағанына байланысты оны отанына қайтару туралы шешім қабылдады. «Босқындар мәртебесі туралы» заңға сәйкес,  сот оны босқын деп тани алмайды. Себебі, оның өз елінде қудалауға ұшырағандығы туралы факті анықталмады», - деп мәлімдеді Облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі алқа соты Майра Ибрагимова.

«Босқындар мәртебесі туралы» заңға сәйкес, талапкер отанындағы әскери әрекеттерден басқа саяси, діни, әлеуметтік немесе басқа да себептер бойынша қудаланғанын дәлелдеуі керек.

Қазіргі таңда бұл отбасы қарағандылық әйелдің туыстарының үйінде тұрып жатыр. Олар соттың депортация туралы шешімі кез келген уақытта орындалуы мүмкіндігін айтуда.

Қазақстандық Сандуғаш Райысова сириялық Ясер Альезалдинмен Солтүстік Қазақстан облысында танысып, 1997 жылы оған тұрмысқа шыққан. Отбасы Сирияға көшіп барып, үй салады, шаруашылықпен айналыса бастайды. 2015 жылы содырлардың шабуылы салдарынан үйлері жермен жексен болған. Баспанасыз қалған жанұяны әйелдің туған әпкесі Қазақстанға шақырады. Ерлі-зайыпты бес баласымен Қазақстанға ресми түрде қонақ ретінде келген, алайда олардың елде қалуына сот рұқсат бермей отыр.