Қарағандылық балалар салған суреттер Делидегі көрмеде көрсетілді
Бағдарламаның мақсаты Үндістан тұрғындары мен қонақтарын қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен таныстыру.
Көрмеге қатысу үшін Қарағанды қаласындағы ЮНЕСКО клубы - №2 Өнер мектебінің дарынды оқушылары, «Балақай» және «Бәйтерек» балабақшаларының тәрбиеленушілерінің таңдаулы 30 жұмысы іріктеп алынды.
Көрмеге қарапайым қонақтар ғана емес, өнер саласындағы сарапшылар да аса қызығушылық танытты.
Бағдарлама аясында жас өнерпаздар ұстаздарымен бірге ЮНЕСКО клубы мәртебесіне ие жергілікті мектептерге барып, концерттер қойды, шеберлік сабақтарын өткізді. Одан ары ынтымақтастық орнату үшін мектептер арасында алдағы уақытта бірлескен ғылыми-зерттеу және мәдени шараларды өткізуді көздейтін өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойылды.
Осы сапарды Қазақстанның ЮНЕСКО ұлттық клубтар федерациясының Қарағанды облысы бойынша өңірлік өкілдігі Үндістанның ЮНЕСКО клубтары мен қауымдастықтары конфедерациясы және Қазақстанның Үндістандағы Елшілігінің қолдауымен ұйымдастырды.
Авторы: Садық Акижанов