Қарағандылық энергетиктер қысқы жылыту маусымына қалай дайындалып жатыр

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда сұрыптау ауданында магистралды құбырларды жаңа материалмен оқшаулау жұмысы басталды. Фольгадан жасалған шыны талшықпен қапталған минералды жабын жылуды сақтауға және оны қала тұрғындарына температурасын жоғалтпай жеткізуге көмектеседі. Сонымен қатар бұл материал вандалдарды қызықтырмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық энергетиктер қысқы жылыту маусымына қалай дайындалып жатыр

Облыс орталығы жылу беру маусымына қалай дайындалып жатқанын энергетиктер баяндап берді.

«Ұзындығы 16,6 км жылу желілерінің учаскелерінде жылу оқшаулау тозған, ал бір жерде мүлдем болмаған. Қазір мердігер құбырларды ескі оқшаулаудан тазартады, тегістегіш астар, лак және жылу оқшаулағыш қабатын қолданады. Қазірдің өзінде 8,8 шақырым құбырға тегістегіш астар жағылған, 8,3 км лакпен сырланып, 3,5 км жылу оқшаулағышы төселді», – деп түсіндірді «Теплотранзит Қарағанды» компаниясының бас инженері Иван Выткин.

Оның айтуынша, оқшаулаудың бұл түрі облыста алғаш рет қолданылып отыр. Ол - отандық өнім. Өндіруші теміртаулық компания оған 5 жыл кепілдік береді.

Жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған, бірақ қазір мердігер мерзімінен бұрын жылжып келеді.

Сондай-ақ, олар магистральдің ақаулы бөлігін ауыстыруда, себебі өткен қыста бірнеше апат болған. Бұл Оңтүстік-Шығыстың жылумен жабдықталуын жақсартады.

Қарағандының ЖЭО-3-те жөндеу жұмыстарын 30 қыркүйекте аяқтау жоспарланып отыр.

Станцияда 8 қазандық пен 6 турбина жөнделеді.

«23 бірлік жылуландыру жабдығы - желілік су жылытқыштар мен шыңды бойлерлерге ауқымды тазарту жүргізілуде. Станция аумағында өтетін құбырдың оқшаулау қабаты толығымен ауыстырылды. Бұл шамамен 1400 метр. Өткен жылдағыдай жылумен байланысты жағдай қайталанбайды», - деп сендірді ЖЭО-3 бас инженері Константин Пятков.

Үшінші жылу құбырының құрылысы туралы «НС Система» мердігерлік ұйымының басшысы Сергей Фрик айтып берді.

Көптен күткен жоба Оңтүстік-Шығыс пен Жаңа орталықта жылу тапшылығынан құтылуға көмектеседі.

Естеріңізге сала кетейік, үшінші жылу құбырының құрылысы облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен басталған болатын. Жоба республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

ЖЭО-3-тен қалаға өтетін магистральдық желілердің ұзындығы 22 шақырымды құрайды.

Бір тармағы Майқұдықтың Көгілдір тоған ауданына кіреді. Сонымен бірге бір уақытта төрт сорғы станциясы салынуда.

Қазір жылу құбырының құрылысына 75 жұмысшы мен 45 арнайы техника жұмылдырылды.

Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр.