Қарағандылық футболшылар бүгін Албания чемпионымен кездеседі

АЛМАТЫ. 6 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағандының «Шахтер» футбол командасы бүгін Албанияның Тирана қаласында Корча қаласының «Скендербеу» командасымен УЕФА Чемпиондар лигасының үшінші дәрежелік раундындағы екінші матчын өткізеді.

Қарағандылық футболшылар бүгін Албания чемпионымен кездеседі

Бұған дейін олар Астанада өткен алғашқы матчта қарсыластарын 3:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Қарағандылықтардың бас бапкері Виктор Кумыков бұл ойында өз басымдығын сақтап қалса, ел тарихындағы Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңіне командасын алып шыққан тұңғыш бапкер атанбақ.

Жексенбі күні Қазақстан Премьер-лигасының 22-ші турында турнир кестесінің соңында келе жатқан Оралдың «Ақжайығын» 4:0 есебімен жеңген қарағандылықтар қазір үшінші орында тұр. Олар көш басындағы «Ақтөбеден» - 12, «Астанадан» 6 ұпайы кем. Ал өзін өкшелеп келе жатқан Павлодардың «Ертісінен» - 1, Алматының «Қайратынан» 4 ұпайы артық.

Корчалықтар болса, қазір 2012/2013 жылғы Албания чемпионатында 26 турдың қорытындысы бойынша 14 команданың арасында 58 ұпаймен турнир кестесінде көш бастады. Олардың үздік бестіктегі «Кукесиден» - 6, «Теутадан» - 10, «Фламуртариден - 12, «Тиранадан» 15 ұпайы артық.