Қарағандылық футболшылар УЕФА Чемпиондар лигасының 2-ші дәрежелік раундын сәтті бастады
АЛМАТЫ. 17 шілде. ҚазАқпарат - Кеше Белорусияның Борисов қаласында УЕФА Чемпиондар лигасының 2-ші дәрежелік раундындағы жергілікті «БАТЭ» мен Қарағандының «Шахтер» командаларының алғашқы кездесуі өтті.
Шотландиялық төреші Джон Битон қазылық жасаған бұл ойында Қазақстан чемпионы қарсыласынан 0:1 есебімен басым түсті. Виктор Кумыков жаттықтыратын қарағандылықтар енді қарымта кездесуді 23 шілде күні өз алаңында өткізетін болады.
Сырт алаңдағы бұл ойында Сергей Хижниченконың 2-ші таймның басында соққан жалғыз добы кездесудің соңына дейін өзгеріссіз қалды. Виктор Гончаренко жаттықтыратын борисовтықтар енді алдағы сәрсенбідегі ойында қарымта қайтаруға барлық күш-жігерін жұмсамақ. Рейтингтік көрсеткіші жағынан «Шахтерден» көш ілгері тұрған «БАТЭ» командасының бас директоры Михаил Деменцевич ойын қарсаңында Чемпиондар лигасының 2-ші раундының жеребесіне көңілдері толатынын жеткізген болатын.
1973 жылы негізі қаланған бұл команда Беларусь чемпионатында 9 дүркін чемпион атанып, 4 рет күміс, 1 рет қола жүлдегер болып, 2 рет ел кубогын иеленіп, 3 рет финалға шыққан еді. Сондай-ақ 2010, 2011, 2013 жылдары 3 рет Суперкубок жеңімпазы атанып, өз елінде рекорд орнатқан болатын. Ел чемпионатында 2006 жылдан бері қарсылас шақ келтірмей жүрген борисовтықтардың негізгі құрамында 2 легионер ғана өнер көрсетеді. Армения мен Латвияның 2 ойыншысынан өзгелері түгелдей Беларусь азаматтары.