Қарағандылық хирургтер сирек патологиясы бар науқастарға ота жасады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды қаласының Облыстық клиникалық ауруханасының хирургтері сирек кездесетін патологиялары бар науқастарға екі бірегей операция жасады. Хирургиялық араласулардың біріне елордалық дәрігерлер қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды тұрғынында бір жарым жыл ішінде қандағы қант деңгейінің төмендеуі байқалды, оның себебін анықтау мүмкін болмады. Науқас әйелдің симптомдары арасында сондай-ақ есінен танып қалу сәттері де кездесті. Облыстық консилиум барысында дәрігерлер пациенттің сирек кездесетін патологиясы - инсулинома( ұйқы безінің ісігі) бар екенін анықтады.
«Ұзақ уақыт бойы ісіктің нақты орналасуын анықтадық. Ол ұйқы безінің басында болды. Бұл хирургиядағы ең күрделі анатомиялық ісік», - дейді Қарағанды қаласының Облыстық клиникалық ауруханасы директорының хирургия жөніндегі орынбасары Борис Цхай
Қарағанды қаласының ОКА хирургтары кең ауқымды ашық операция жүргізді, оның барысында 12-елі ішек, ұйқы безінің басы, асқазанның бөлігі алынып тасталды, одан әрі күрделі қайта құру-қалпына келтіру кезеңі болды. Операция тегін жасалды, себебі ол МӘМС жүйесі аясында өткізілген болатын. Қазір науқас операциядан кейінгі оңалтудан өтуде. Бұл жағдай қазақстандық хирургтар қоғамында баяндалды.
«Операция ашық түрде жүргізілді. Өте жақсы клиникалық нәтижеге қол жеткіздік. Қалпына келу ұзақ уақытқа созылады және күрделі болады. Кем дегенде 10-15 күн стационарлық емдеу, содан кейін 2-3 ай операциядан кейінгі оңалтудан өтеді. Себебі бүкіл ас қорыту жүйесі қайта құрылуда», - деп толықтырды Борис Цхай.
Екінші операцияны OKА хирургтары Нұр-Сұлтаннан келген әріптестерімен бірге жасады. Дәрігерлер бүйректің екі еселенуі секілді сирек туа біткен аномалиясы бар науқасқа ота жасады.
24 жастағы науқастың туғаннан бері бір бүйрегі толық жұмыс істемеген. Орган зәрдің ең аз мөлшерін шығарып, кейбір бөлігі ішінде жиналып қалып отырған. Кейіннен бүйректің бір бөлігі үлкен мөлшерде ісініп, қатты ауырсыну пайда болды дейді ол. Лапароскопиялық әдіспен (бірнеше тесік арқылы) хирургтар бүйректің жұмыс істемейтін бөлігін алып тастады. Операция шамамен 4 сағатқа созылды
«Біз несепағарды қуықтан бүйрекке дейін бөліп, бүйректің кеңейген жұмыс істемейтін бөлігін қалпына келтіре алдық. Операция сәтті өтті, науқас үйіне шығарылды. Қазір оны енді бүйгерінің ауырсынуы мазаламайды», - дейді ОКА урология бөлімінің меңгерушісі Серік Жүнісов