Қарағандылық кәсіпорындар 560,5 млрд теңгенің өнімін өндірді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында екі айда 560,5 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілді. Инвестиция көлемі 85,5 млрд теңгені құрайды, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 14%-ке өседі деп күтілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық кәсіпорындар 560,5 млрд теңгенің өнімін өндірді

Қаңтар-ақпан айларындағы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамды қорытындылары онлайн режимінде аппараттық кеңесте талқыланды.

«Өнеркәсіп өнімінің нақты көлем индексі 560,5 млрд теңге көлемімен 99-100% дәлізінде болжануда. Өңдеу өнеркәсібінде өнім өндірісі 2-3%-ға өседі. Облыстың негізгі капиталына инвестициялар 13,9% өсіммен 85,5 млрд теңге болады. Құрылысты 3%-ға немесе ақшалай мәнде - 18,8 млрд теңгеге ұлғайту күтілуде», - деп баяндады экономика басқармасының басшысы Азамат Мұқанов.

Алдын ала деректер бойынша, 93,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 14,9%-ға өсті.

Ауыл шаруашылығында оң динамика байқалады. Өңірде ет пен сүт өндірісі артты.

«Жалпы екі айдың қарқыны жаман емес. Инвестициялар өсті. Өңдеу өнеркәсібінде де көрсеткіштер жақсы. Құрылыс саласында да оң өзгеріс бар. Осы қарқында экономиканың барлық салалары бойынша бекітілген индикаторларды сақтап, орындау қажет», - деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.