Қарағандылық конькиші Станислав Палкин жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында жүлделі орыннан көрінді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды қаласының конькишісі Станислав Палкин Варшавада жасөспірімдер арасында өткен Әлем кубогының ақтық кезеңінде күміс медальға қол жеткізді, деп хабарлады облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметінен.

Қарағандылық конькиші Станислав Палкин жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогында жүлделі орыннан көрінді

«14-15 ақпан күндері Варшава қаласында жасөспірімдер арасында коньки тебу спортынан Әлем кубогының ақтық кезеңі өтті. Әлем кубогының екі кезеңіндегі балы бойынша С.Палкин 500 және 100 метр қашықтықта 2-ші орын алды», - делінген хабарламада.

Спортшының жаттықтырушысы ­- Владимир Лазненко.

С.Палкин өзін 2014-2015 жылдар маусымында танытып үлгерді. Сол кезде ол Қазақстан чемпионатында жүлделі орындардан көрінген. Желтоқсан айында Колаблюде (Италия) өткен коньки тебу спорты бойынша Әлем кубогының жасөспірімдер кезеңінде 1000 м қашықтықта жеңіске жеткен.

«20-22 ақпан күндері Польшада жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты өтеді. Қарағандылық спортшылар Станислав Палкин, Артем Крикунов, Алена Стапстова ел құрамасының құрамында әлемдік біріншілікке шығуға дайындалу үстінде», - деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметінен.