Қарағандылық мәдениет қызметкерлері кәсіби мерекесіне орай пәтер алды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің бастамасымен ұзақ уақыт ішінде алғаш рет 30 мәдениет және өнер қызметкері жеке баспанаға ие болды. Пәтерлер Саран мен Ақтас кентінде орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кілт тапсыру рәсімі Қарағанды облысы әкімінің жыл сайынғы сыйлығынмен салтанатты марапаттау барысында өтті.
«Бес жыл бойы жұбайыммен бірге баспана жалдадық, содан кейін ата-анамызбен бірге тұрдық. Күйеуім менімен бірге театрда жұмыс істейді. Қазір үш баламыз бар, төртіншісін күтіп жүрміз. Жеке пәтер алғанымыз біз үшін тосынсый болды. Осындай сыйлық үшін рахмет айтамыз. Әріптестерімнің де жолы болып, баспаналы болатынына сенемін», – дейді Динара Айғазинова.
Наталья Сидорова екі баласымен және жұбайымен бірге жақын арада жалға берілетін үйге көшіп кіреді. Ол жаңа баспанада қалыпты өмір сүру үшін бәрі бар дейді.
«Косметикалық жөндеу жасалды, плита, титан бар. Бұл - біз үшін өте қуанышты сәт. Эмоция тасып барады. Мәдениет саласы қызметкерлеріне көптен бері пәтер берілмегенін атап өткім келеді. Бізге деген ықылас-құрмет үшін көп рахмет», – деп Қарағанды музыкалық комедия театрының актрисасы алғысын жеткізді.
Өңір басшысының айтуынша, алдағы жылдары мәдениет қызметкерлері үшін тағы 150-200 пәтер бөлу жоспарланған.
Сондай-ақ, Ммәдениет және өнер қызметкерлері күні қарсаңында Қарағанды облысы әкімінің сыйлығымен марапаттау рәсімі өтті.
Бұл марапат жыл сайын кәсіби шеберлігі, шеберлігін жетілдіргені және мәдени саланы дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.
«Ең қиын кезеңде де өнер бізді әрдайым құтқарып, қолдап отырды. Сахналар мен залдардың жабылуына қарамастан, мәдени іс-шаралар виртуалды форматқа көшті және сонымен бірге шынайылық пен көркемдігін жоғалтпады. Өз ісіне адалдығы үшін сіздерге тағзым етеміз», – деді өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Биыл комиссия 21 номинация бойынша 24 лауреатты таңдады. Жеңімпаздарға дипломдар, ақшалай сыйлықтар және байқаудың нышаны – «Қобыз» мүсіні табыс етілді.
С. Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрының актрисасы Нұржібек Жансүгірова мен К. Станиславский атындағы театр актері Иван Немцев «Мамандығына адалдығы үшін» номинациясында байқаудың басты марапаттарының бірін иеленді.
«Баршаңызды мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен құттықтаймын. Қиын жағдайға қарамастан, біз аман қалдық. Мұражайлар, театрлар, кітапханалар өз жұмыстарын жалғастырды, көрермендері мен оқырмандарын қуантты. Қаншалықты қиын болса да, ұлттық мәдениеттің өркендеуін тілеймін. Өнер қайраткерлеріне ерекше көңіл бөлгені үшін облыс басшылығына алғысымды білдіремін», – деді Нұржібек Жансүгірова.





