Қарағандылық оқушылар қолданылған масқаға арғалған «ақылды» урна ойлап тапты

ТЕМІРТАУ. ҚазАқпарат – Қарағанды индустриялық университетінде қалалық цифрлық экожүйені дамыту бойынша өзекті міндеттерді шешуге бағытталған хакатон өтті. Оған Теміртау қаласының жалпы білім беретін мектептері мен колледждерінен барлығы 14 команда қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық оқушылар қолданылған масқаға арғалған «ақылды» урна ойлап тапты

№9 лицейдің қатысушылары «ақылды» урна, кварцтық шам және антисептикке арналған бүріккіш әзірлемелерін ұсынып, жеңімпаз атанды.

Инновациялық жобалар үш бағыт бойынша әзірленді:

- «ақылды» қала;

- «ақылды» университет;

- қоғам өміріндегі ақпараттық технологиялар.

Хакатон жеңімпаздары - №9 лицей оқушылары Бейбарыс Ергешбаев пен Бекарыс Хиса «Абай бол, өзіңе қамқор бол!» жобасын ұсынды. Олардың есебінде үш өнертабыс бар. Бұл – қолданылған маскаларға арналған «ақылды» қоқыс жәшігі, оның автоматты түрде ашып-жабылатын функциясы бар. Ол қозғалыс сенсорынан жұмыс істейді. Сондай-ақ, лицей оқушылары таймер бойынша қосылатын және кварцтау уақытында үй-жайдан шығу қажеттілігі туралы хабарлайтын автоматтандырылған кварц шамын таныстырды. Бұдан бөлек, қозғалысты бақылау датчигі арқылы іске қосылатын антисептикті бүріккіш.


Екінші орынды Теміртау жоғары политехникалық колледжінің студенттері Дмитрий Шмидт, Тимофей Ергунов және Елена Илясова енген команда ие болды. Олар dex-SU-AZ Platon жобасын ұсынды. Python білім мекемелерінде кіреберіс есіктен адамдарды өткізу режимін автоматтандыруға бағытталған. Ол видео сараптама көмегімен адамдардың бет-бейнесін таниды. Жобада сондай-ақ ғимаратқа кіре берісте оқушылардың температурасын бақылау үшін шешім ұсынылды.

«Бағдарламалық кодты әзірлеу мен жазуды ескере отырып, жобаны іске асыруға бізге үш ай қажет болды. Мен жеке өзім Python бағдарламалау тілін үйрендім, онымен төрт жыл жұмыс істеп келемін. Хакатон маған тек жағымды эмоциялар қалдырды, жаңа тәжірибе алдым, осындай іс-шараларға қатысуды жалғастырғым келеді», – дейді Дмитрий Шмидт.


TemirTau-2022 хакатонындағы үшінші орын №14 ЖББОМ оқушысы Антон Шутовқа бұйырды. Ол «EITable Менделеев кестесінің негізгі элементтерін есте сақтауға арналған мобильдік қосымша» жобасын ұсынды.