Қарағандылық өрт сөндірушілер биік ғимараттардағы өртті қалай сөндіретінін көрсетті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандылық өрт сөндірушілер биік ғимараттардағы өрттерді қалай сөндіретінін көрсетті.
Төтенше жағдйлар департаментіне осы бағытта қосымша жаңа техникалар жеткізілді. Олардың арасында заманауи жанармай құюшы техника және АЦ-5-40 Iveco Euro Cargo ML190 екі автоцистернасы бар.
Сондай-ақ газ-түтіннен қорғау көлігі мен 9 метрлік катер жеткізілді. Қазіргі таңда оны Балқашқа жеткізу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қыс-2021» командалық-штабтық оқу-жаттығулары кезінде азаматтық қорғау қызметтері мен құралымдарының қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға ден қоюға деген дайындығына тексеру жүргізілді. Мұндай жаттығулар жыл сайын өткізіледі. Биыл үйлестіру және басшылық жөніндегі штаб Қарағандыда орналасқан. Төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимыл алгоритмдерін құтқарушылар екі күн қатарынан - 11 және 12 қарашада пысықтады.
Оқу-жаттығуға қатысушылардың назарын ТЖД-нің екі жаңа автоцистернасы аударды. Бұл елдегі алғашқы осындай техника. Әрбір машина су ерітінділерін көбіктендіргішпен беру мүмкіндігі бар ықшам немесе су бүркитін VARIO өрт сөндіру аспалы қондырғысының үш бірлігімен жабдықталған. Биік нысандардағы өрттерді сөндіру үшін автоцистерна жоғары жылдамдықты су ағынымен жоғары қысымды Limens автономды сорғы қондырғысымен жабдықталған. Оны бір немесе бірнеше басқа автоцистерналармен «айдау» арқылы жұмыс істеген кезде дербес жауынгерлік бірлік ретінде, сондай-ақ сорғы қондырғысы ретінде пайдалануға болады. Өрт сөндірушілер бұл машинаның қалай жұмыс істейтінін көрсетті.

«Оқу-жаттығудың негізгі міндеті – қысқы кезеңдегі ТЖ қаупі немесе оның туындауы жағдайында күштер мен құралдардың іс-қимылға дайындығын бағалау. Облыста қар басатын 590 учаске бақылауға алынды. Олар бізге, ІІМ органдарына, жол қызметіне белгілі. Олардың жалпы ұзындығы 705 шақырым. Жалпы облыс бойынша қыс мезгілінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою үшін 3 мыңға жуық адам мен түрлі ұйымдардың 1 300 бірлік техникасын тарту жоспарлануда», – деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.
«Қыс-2021» шарасына апаттық-құтқару қызметтерінің құрамына кіретін ҚР ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің жедел-құтқару құрамалары, ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі қатысты. Олардың барлығы қолда бар күштер мен құралдардың дайындығын көрсетті. Далалық басқару пунктінің жұмысын көрсетті, онда қажетті байланыс түрлерімен жабдықталған штабтық шатыр, медициналық қамтамасыз ету, тамақтану, жылыту және психологиялық көмек пункттері ашылды. Сондай-ақ өтімділігі жоғары автомашиналар базасындағы жылжымалы байланыс тораптарының мүмкіндіктері көрсетілді.
Тәжірибелік іс-шаралар шеңберінде Қарағанды облысының Азаматтық қорғау апаттық-құтқару құрамаларының, жылжымалы басқару пунктінің және шатыр лагерінің дайындық байқаулары өткізілді.