Қарағандылық палуан Наурыз мерекесіне арналған турнирде 1 миллион теңге алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағандыда Наурыз мерекесіне орай сегіз ұлттық спорт түрінен жарыс өтті. Қала әкімінің жүлдесі үшін қазақ күресінен жарыс турнирге ұласты. Жеңімпаз бір миллион теңге көлемінде ақшалай марапатқа ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Жарыс ашық аспан астындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткізілмекші болған. Бірақ ауа райына байланысты шараны «Жастар» спорт кешеніне ауыстыруға тура келді.

Қазақ күресінен турнирге барлық өңірден 36 әуесқой балуан қатысты. Бірінші орын мен бас жүлде 1 миллион теңгені 25 жасар палуан Темірлан Көшенов жеңіп алды.

Қарқаралы ауданы Қарабұлақ ауылының тумасы қазір Қарағандыда тұрады. Күреспен бала кезінен әуестене бастаған және 10 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеді.

«Турнирге дайындалдым, бірақ жеңісті нәтиже күтпедім. Қарсыластар салмақты, лайықты болды. Мені күресуге үйреткен бапкерім Сергей Куценкоға алғысымды айтамын», - деп бөлісті Темірлан Көшенов.

Екінші және үшінші орындарды Бұқар Жырау ауданының әуесқой спортшылары Нариман Қасенов мен Серікбек Гүлболат иеленді. Күміс және қола жүлде иегерлеріне жарты миллион және 300 мың теңге сыйлық берілді.

Спорт кешенінде армрестлинг, гір көтеру, тоғызқұмалақ, асық ату, бес асық, арқан тарту және қой көтеру бойынша бұқаралық жарыстар өтті. Барлық тілек білдірушілер өз шеберліктері мен күштерін көрсете алды.



Соңғы жаңалықтар