Қарағандылық педагогтер қарындасын өрттен құтарқарған оқушыға сыйлық жасады
Өрт өткен жылдың желтоқсан айында болған. Бірақ кішкентай батыр ол туралы қазір ғана айта алады. Бала қолы мен бетінен күйік алып, туыстарынан айырылды.
«Өрт үйде мен, қарындасым, атам және әжем болған кезде басталды. Пеш тұрған кіреберісте бірдеңе жарылып кетті. Біз ол уақытта ас үйде тамақтанып отырған едік. Атам мен әжем дәлізге не болғанын көру үшін шығып кетті, олар ұзақ уақыт оралмады. Содан кейін мен олардың артынан барып, пештің жанында бәрі жанып жатқанын көрдім. Мен дәлізден шығу мүмкін емес екенін түсіндім. Ас үйге жүгіріп барып, анама қоңырау шалып, қарындасымды алып, оны терезенің алдына көтердім. Содан кейін оған өзім көтеріліп, Рабиямен бірге секіруге дайындалдым. Осы кезде көршілер терезеге қарай жүгіріп келіп, мен оларға қарындасымды беріп, өзім шықтым», – дейді Нұриден.
Балалардың ата-әжесі біраз уақыттан соң сыртқа шыққан. Бірақ денелерін 40 және 60 пайыз күйік шалған. Олар Нұриденмен бірге ауруханаға жатқызылды.
«Мен келгенде үй лапылдап жанып жатты. Күйеуімнің ата-анасын жан сақтау бөліміне, Нұриденді қарапайым палатаға жатқызды. Өкінішке орай, екі күннен кейін қайын атам қайтыс болды. Тағы екі аптадан кейін қайын енем қайтыс болды. Қазір біз күйеуіміздің туыстарында екі бөлмелі пәтерде тұрамыз. Олардың өздерінің бес баласы бар», – дейді Нұриденнің анасы Надира Ақышова.
Надира мен жұбайының төрт баласы бар. Нұриден мен Рабиядан басқа 10 жасар ұлы мен 13 жасар қызы бар. Өрт кезінде олар мектепте болған. Қазір отбасы баспанаға мұқтаж.
Жуырда № 36 жалпы білім беретін мектептің үшінші сыныбында оқитын Нұриденге қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім қонаққа келді. Ол оқушыға төтенше жағдайда көрсеткен батылдығы мен табандылығы үшін алғысын білдіріп, білім бөлімінің қызметкерлері атынан велосипед сыйлады.