Қарағандылық полицей машинада қамалған 2 жасар баланы құтқарды

 ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда полицейлер машинада жалғыз қалып, ыстықтан тынысы тарылған баланы құтқарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағандылық полицей машинада қамалған 2 жасар баланы құтқарды

Көліктің ішінде әйнекті соғып, жылап жатқан баланы көрген маңайдан өтіп бара жатқан адамдар полиция қызметкерлерін шақырған. Полицейлер көп ойланбастан «Мерседес»-тің есігін бұзып, екі жасар баланы алып шыққан. Балдырғанды сауда орталығына алып келіп, су берген. Баланың ата-анасы оралғанша полиция қызметкерлері мен жанашыр адамдар жылауын тоқтатпаған баланы тыныштандыруға тырысқан. 

Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің жетекшісі Бақытжан Құдияров, баланың ата-анасымен  профилактикалық жұмыстардың жүргізілгендігін айтты.

«Оқиғаға қатысты ата-ана  баланы не үшін қараусыз қалдырып кеткендерін түсіндірді. Олар базарға аз уақытқа кеткен. Ол кезде бала көлік ішінде ұйықтап жатқан. Ювенальды полиция қызметкерлерімен әңгімелескен ата-ана өздерінің кінәларын толық мойындады. Ендігі кезекте баланың денсаулығына зиян келтіретін қандай да бір шараларға жол бермейтіндіктерін айтты», - деді Бақытжан Құдияров.