Қарағандылық полицейлер қызметтік көлікте әйелді босандырып алды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандылық полицейлер толғағы қысқан әйелді қызметтік көлікте босандырып алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
None

23 ақпан күні Қарағанды қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Медет Төлегенов пен Берік Кеңесов Жаңа-Майқұдық аумағында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалау бойынша кезекшілікте болған. Түн жарымында оларға Жедел басқару орталығынан сол аумақта орналасқан шағынаудандандағы көпқабатты үйлердің бірінде отбасылық жанжал болып жатқаны туралы хабарлама түсті. Мекенжайға келген полицейлер әйел адамды көрген. Ол жолдасымен ұрысып қалғанын, кейін татуыласып, бір-біріне ешқандай өкпе-назы жоқ екенін айтқан.

«Әріптес екеуіміз сол мекенжайда тұрғанымызда бізге бір азамат таянды. Ол әйелінің толғағы қысып жатқанын және оларды тез арада перзентханаға апаруын өтінді. Толғағы басталғанда суы кеткенін, әне-міне босанатынын білдік. Жедел жәрдем шақырғанымызбен оның қай уақытта келетіні белгісіз болды. Сондықтан жүкті әйелді қызметтік көліктің алдына, ал жолдасын артына отырғызып, бірден перзентханаға бағыт алдық. Бірнеше жүз метрден соң әйел көлікті тоқтатуын және толғақтың басталып кеткенін айтты», – дейді Медет Төлегенов.

Polisia.kz мәліметінше, тәртіп сақшылары абдырап қалмай, босанғалы жатқан келіншекке медициналық көмек көрсеткен. Арада бірнеше минут өткенде қызметтік көлікте аман-есен өмірге сәби келді. Полиция қызметкерлері ана мен шақалақ қызды перзентханаға жеткізіп, дәрігерлер қарауына тапсырды.

Перзентхананың Instagram-парақшасында жазылғандай, полицейлер перзентханаға жылдам әрі уақытылы жеткен. Кері жағдайда ана мен бала өміріне қауіп төнер еді.


Соңғы жаңалықтар