Қарағандылық полицейлер мектеп оқушысына шабуыл жасаған ер адамды ұстады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда тәртіп сақшылары қала мектептерінің бірінде оқитын 14 жасар оқушы қыз балаға шабуыл жасаған ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағандылық полицейлер мектеп оқушысына шабуыл жасаған ер адамды ұстады

16 наурызда Қарағанды қаласы ПБ жедел басқару орталығына жалпы білім беретін мектептердің бірінің жанында белгісіз біреу 14 жастағы оқушыға шабуыл жасағаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына санаулы уақытта Қарағанды қаласы ПБ Орталық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы келді.

Жәбірленуші сабаққа бара жатқан кезде оқу орнының жанында белгісіз біреу оған шабуыл жасағанын айтты. Қаскүнем оқушыны ұрып, қашып кеткен.

«Жеке жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел-іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері Теміртау қаласының 30 жастағы тұрғынын ұстады. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің әйелдерге жасалған тағы үш шабуылға қатысы бар екені анықталды», - деп түсіндірді Қарағанды облысы ПД бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Анықталғандай, ұсталған ер адам Қарағандыға келіп, көшелерде жалғыз жүрген қыз-келіншектерді аңдып, соңдарына түскен. Содан кейін олады ұрып, қашып кететін болған. Бұл ретте оны жәбірленушілердің құндылықтары қызықтырмаған. Қылмыскер олардың заттарына тиіспеген.

«ҚР ҚК 293-бабы»Бұзақылық« бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр», - деп қосты Әбіл Әбілдин.