Қарағандылық «Сарыарқа» Жоғары хоккей лигасының кезекті маусымын ашады

АСТАНА. 8 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Жоғары хоккей лигасының кезекті төртінші чемпионаты басталады.

Қарағандылық «Сарыарқа» Жоғары хоккей лигасының кезекті маусымын ашады
Жаңа маусым өткен чемпионаттың финалына шыққан қарағандылық «Сарыарқа» мен башқұртстандық «Торос» командасының ойынымен ашылады. Бұл матч бүгін Нефтекамск қаласында Астана уақыты бойынша кешкі 17:00-де басталады. Айта кеткен жөн, ЖХЛ-дың өткен маусымында (2012-2013) қарағандылық «Сарыарқа» командасы бірнеше рекорд орнатып, финалға шыққан болатын. Сонда Братина кубогының иегері «Торос» командасымен кездесіп, жалпы есеп бойынша 1:3 есебімен ұтылып жатқан кезде таразы басын теңестіре білді. Алайда соңғы шешуші матчта қарсыласына жол беріп қойды. Дегенмен, «Сарыарқа» батыл әрі «лиганы жарып шыққан» команда ретінде тарихта қалды. Содан болар, өткен маусым біткен бойда басқа командалардың бапкерлері бірден «Сарыарқаның» хоккейшілеріне қолқа салып, өз құрамаларына тартумен әлек болды. Қазір команданың құрамы өзгерді. Сондықтан сарапшылар қарағандылық клубтың биылғы ойынына нақты болжам жасай алмай жатыр.